Открыть меню Поиск
СМИ о нас
Ресми Интернет-ресурс

Отырар ауданының әкімдігі


ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Отырар аудандық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде Ақтөбе, Шілік ауыл округтері әкімдерінің өткен сегіз ай ішіндегі атқарылған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қоғамдық кеңес мүшелері алдында Ақтөбе ауыл округінің әкімі Исахан Тайгелтір есептік баяндамасын жасады. Ол өз сөзінде ауыл округіндегі егін және мал шаруашылықтарының қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, алдағы шешімін күткен кейбір мәселелерді тілге тиек етті.
Ауыл округінде суармалы жерді игеру бойынша жылдық жоспар 2672 га болса, бұл жоспар 2890 га жерге артығымен орындалған. «Бұл дихандарға жүгерінің жаңа сорттары мен қуатты техникалардың тиімділігін түсіндіру және тыңайтқыш түрлерін қолдану жұмыстарын ұйымдастырудың арқасы», -дейді ауыл әкімі.
Сондай-ақ Ақтөбе ауылымен іргелес жатқан Шілік ауыл округінде де мал шаруашылығының ілгері жылжығанын аңғаруға болады. Ауыл әкімі Жансұлтан Сейітжановтың айтуынша ауыл округіндегі «Жансая» ШҚ асыл тұқымды қой өсіруді қолға алған болса, «Гүлмайра», «Жаңа жер» шаруа қожалықтары түйе, жылқы шаруашылықтарын жандандыруда. Бұдан өзге асыл тұқымды мал өсіруге ниет білдірген шаруақожалықтар саны да артқан.
Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысының негізгі өзегіне айналған күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелері Сағындық Қыдыр, Мырзахмет Темірбеков, Әселхан Қалыбекова, Қалдан Байжұмандар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қысқы мал азығы, пада ұйымдастыру және көгалдандыру мен тазалық жұмыстары жайында өз ойларын ортаға салып, осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілсе деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Кеңес отырысына арнайы қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан екі ауыл округтерінде де ілгерілеушілік бар екенін айта келе, дегенмен кейбір мәселелерде әлі де болса пысықтайтын жұмыстардың бар екенін сөз етті.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері жиында екі ауыл округі әкімдерінің есебін қанағаттанарлық деп бағалап, алдағы уақытта осы бағытта үздіксіз жұмыстар атқара беру керек деген ортақ оймен тарасты.

© 2017

Официальный Интернет-ресурс

Акимат Отырарского района